Алматыда көшкін қаупі бар 18 жер учаскесі қорғауға алынды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин тау бөктеріндегі көшкіннің алдын алу мақсатында қолға алынған жұмыстар туралы айтып берді.
- Аудан аумағында көшкін қаупі бар 48 жер анықталды. Олардың әрқайсысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен, сараптамалық ұйымдармен бірлесіп істелетін қажетті жұмыс пысықталды. Аудан әкімдігі тарапынан 12 жерде жұмыс басталды, – деді ол.
Сонымен қатар 8 учаскеде меншік иелері сараптамалық ұйымдардың қорытындысына сәйкес жұмысын бастап кеткен. Аудан әкімінің айтуынша, аумақтың ерекшелігіне қарай беткей мен тіректерді нығайту мен топырақты тұрақтандыруға бағытталған өзге де инженерлік шешім қарастырылған.
- Жалпы 18 учаскеде көшкінге қарсы кешенді іс-шаралар қазір толық аяқталды. 30 учаске бақылауда тұр, оларда жұмыс әлі біте қойған жоқ. Басты міндет – төтенше жағдайдың алдын алу. Ықтимал қауіпті учаскеде қолға алынған жұмысты күрделі жағдай туындағанша алдын ала істейді, - деді Еркебұлан Оразалин.
Еске салайық, Непалдағы Химлунг-Химал тауларындағы қар көшкіні құрбандарының саны 15-ке жетті.