Алматыда Krisha сайтына заңсыз жарнама үшін айыппұл салынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Платформа үлестік құрылысқа адамдардың қаражатын тартуға рұқсаты жоқ тұрғын үйлер жарнамасын орналастырған. Бұл туралы Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады.

айыппұл
Фото: Kazinform

Басқарма мәліметінше, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Krisha.kz және Korter.kz интернет-платформаларының операторларына Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңы талаптарын бұза отырып, құрылыс нысандарының жарнамасын орналастырғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды.

- Қолданыстағы заңнамаға сәйкес көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына азаматтардың қаражатын тартуға, сондай-ақ осындай нысандарды жарнамалауға уәкілетті органның тиісті рұқсаты немесе үлескерлердің құқығын қорғаудың заңда көзделген өзге де тетіктері болған жағдайда ғана жол беріледі. Аталған интернет-алаңдарда жарнамаланған нысандарда мұндай рұқсат құжаттары болмаған, - деп хабарлады ведомство.

Нәтижесінде «Колеса» АҚ-на (Krisha.kz) – 1000 АЕК (4 млн теңге), ал «Флетфай-Қазақстан» филиалына (Korter.kz) – 500 АЕК (2 млн теңге) көлемінде айыппұл тағайындалды.

Басқарма баспана сатып алмас бұрын құрылыс компаниясынан үлескерлердің қаражатын тартуға берілген рұқсаттың және басқа да құжаттардың бар-жоғын тексеруді ұсынды.

Салынып жатқан нысандарға қатысты рұқсат құжаттары туралы ақпарат алу үшін тұрғындар қала құрылысын бақылау басқармасының +7 (705) 89 66 000 нөмірі бойынша анықтамалық WhatsApp-арнасына жүгіне алады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда 214 құрылыс компаниясының лицензиясы уақытша тоқтатылды.