Алматыда құны 5 млн теңгеге жуық омыртқаға жасалатын операциялар тегін болады
АСТАНА. KAZINFORM - Құны 5 млн теңгеге дейін жетуі мүмкін омыртқаға жасалатын заманауи жоғары технологиялық операциялар Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында медициналық көрсетілімдер болған жағдайда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) және Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде тегін жүргізіледі.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауруханада робот-ассистивті технологиялар мен нейронавигация жүйесін қолдана отырып, күрделі нейрохирургиялық операциялар жасалады.
Атап айтқанда, омыртқа өзегін декомпрессиялау және транспедикулярлық бұрандаларды орнату операциялары жүргізіледі. Заманауи жабдықтар операция барысын жоғары дәлдікпен жоспарлауға және имплантаттарды дәл орналастыруға мүмкіндік беріп, хирургиялық араласудың қауіпсіздігін арттырады.
Осындай операцияларды орындайтын мамандардың бірі – Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының нейрохирургі Марат Серікұлы Алматов. Ол 20 жылдан астам уақыт бойы нерв жүйесінің ауыр аурулары бар пациенттерді емдеумен айналысып келеді. Осы уақыт аралығында дәрігер мыңнан астам пациентке операция жасаған.
Заманауи технологиялардың артында, ең алдымен, нейрохирургтің кәсіби еңбегі тұр. Нейрохирургияда әрбір қимылдың асқан дәлдігі, дәрігердің көп жылғы тәжірибесі мен жоғары зейіні аса маңызды.
Марат Алматов омыртқа аурулары, эпилепсия, сколиоз, инсульт пен бас-ми жарақаттарының салдары кезінде күрделі операциялар жасайды. Сондай-ақ ми қан тамырлары аурулары, созылмалы ауырсыну синдромдары және қозғалыс бұзылыстары бар пациенттерге медициналық көмек көрсетеді.
- Осылайша, заманауи робот-ассистивті технологиялар күрделі операцияларды жоғары дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік береді. Ал медициналық көрсетілімдері бар пациенттер мұндай медициналық көмекті МӘМС және ТМККК шеңберінде қосымша ақы төлемей ала алады,-делінген хабарламада.
Осыған дейін онлайн медициналық қызметтердің ауқымы кеңейетіні туралы жаздық.