Алматыда күніне 200 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Алатау ауданында биыл 200 келушіге арналған медициналық-санитарлық көмек орталығы пайдалануға беріледі. Бұл туралы қала басшысы Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді.

Жаңа бес қабатты МСАК орталығы №25 қалалық емхананың филиалы болады. Ол жақын маңдағы шағын аудандардың 18 мың тұрғынына қызмет көрсетуге есептелген.
— Қараша айында Саялы шағын ауданында 200 адам қабылдайтын тағы бір амбулаторияның құрылысы аяқталады деп күтілуде, — деді Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек, Алатау ауданында 300 төсектік көпбейінді аурухана мен 200 төсектік перинаталдық орталық бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, 200 төсектік көпбейінді балалар ауруханасын салу жоспарда.
Айта кетейік, №4 қалалық клиникалық аурухананы, Бостандық ауданында клиникалық-диагностикалық орталығы (КДО) бар 500 келушіге арналған емхананы қайта жаңарту бойынша құрылыс -монтаж жұмыстары басталды. Түрксіб ауданында КДО-мен 500 келушіге арналған емхана құрылысының жобаларына, ескі корпусты бұзуға және Алмалы ауданында перзентхананың жаңа корпусын салуға оң сараптама берілді.