Алматыда құрылыс қалдықтарын тасымалдауға қатысты бақылау күшейтілді
АСТАНА. KAZINFORM — «Таза Қазақстан» республикалық акциясы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Алматы қаласында жүк тасымалдау талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған рейдтік іс-шаралар тұрақты әрі жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
Бақылау барысында абаттандыру қағидаларын бұза отырып жүк тасымалдайтын жүк көліктеріне ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, тентсіз қозғалу, жүктің тиісті түрде бекітілмеуі, сондай-ақ жолдың жүру бөлігіне топырақ, құрылыс қалдықтары мен сусымалы материалдардың төгілуіне жол беру фактілері анықталған.
Мұндай құқықбұзушылықтар қаладағы санитарлық жағдайға кері әсер етіп қана қоймай, жол қозғалысы қауіпсіздігіне де елеулі қатер төндіреді.
Жыл басынан бері қала аумағында абаттандыру қағидаларын бұзудың 819 дерегі анықталып, жолы кесілді.
Рейдтік іс-шаралар мегаполистің барлық ауданында тұрақты негізде өткізіліп келеді және алдағы уақытта да жалғасады.
— Біз жүк көліктерінің тентсіз немесе жүк тасымалдау талаптарын бұза отырып қозғалу фактілерін жиі тіркейміз. Мұндай әрекеттер жол жабынының ластануына әкеледі. Бұған жол беруге болмайды. «Таза Қазақстан» акциясы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында рейдтік жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Біздің мақсатымыз — құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, жол қозғалысына қатысушылардың бойында қаланың тазалығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және белгіленген талаптарды сақтау қажеттігін түсіндіру, — деді Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Бұдан бұрын Алматыда көлік бес жаяу жүргіншіні қағып кеткенін жазғанбыз.