Алматыда құрылыс салушылар үлескерлерді 2,5 млрд теңгеге алдап кетті

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда прокурорлар үлескерлерді 2,5 млрд теңгеге алдаған құрылыс компаниясының басшыларына қатысты істі тергеп, сотқа жіберді.

прокуратура
Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

Алматы прокуратурасынан мәлім еткендей, компания басшылығы тұрғын үй кешендерінің құрылысына рұқсат құжаттарынсыз және үлескерлердің қаражатын тарту құқығынсыз 2022-2023 жылдар аралығында үш тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді сату сылтауымен азаматтардың ақшасын алдау жолымен жымқырғаны анықталды.

Аталған іс бойынша 312 адам жәбірленуші деп танылып, жалпы шығын 2,5 млрд теңгеден асқан.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің төрт басшысы ұсталып, қазіргі таңда қамауда отыр.

– Тергеп-тексеру аясында жәбірленушілердің құқықтарын қалпына келтіру қамтамасыз етілді, ал қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды, – делінген хабарламада.

Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарға құрылыс компанияларымен келісімшартқа отырмас бұрын мұқият тексеріп, тек ресми құжаттар негізінде ғана қаражат салу қажеттігін ескертеді.

Осыған дейін Алматы әкімі «Үш қоңыр» және «Весновка» тұрғын үй кешеніндегі даулы пәтерлерге қатысты пікір білдіріп, онда пәтерлер сатуға тыйым салынғанын айтқан болатын.

 

Соңғы жаңалықтар