Алматыда лай көшкінінің түсуіне заңсыз салынған құрылыс себеп болды

Алматы
Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM –  Алматыда  Керей-Жәнібек хандар көшесі бойында сазды лай көшкіні түсті. Салдарынан асфальттың бір бөлігі істен шығып, кәріз желілері бітеліп қалды.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазіргі уақытта коммуналдық қызметтер сазды лайды сору жұмыстарын жүргізіп жатыр. Күн райы жақсарғанан кейін жол жабыны қайта төселеді.

«Тексеру барысында сазды лайдың жылжыуы тау бөктері бір бөлігінің ойылуы және «Мұзтау» шағын ауданында салынған құрылыстардың салдарынан болғандығы анықталды. Таулы қырат елді мекеніндегі 2768 учаскеде құрылыс салу кезінде экожүйе бұзылғандығы анықталды. Меншік иесі (жеке тұлға) тау бөктерінің бір бөлігін өз бетінше ойып алып, жыраны жауып тастаған. Соның салдарынан судың табиғи ағыны жабылып, қатты жауын-шашын кезінде жасанды топырақта жарықшақ пайда болған», - деп хабарлады әкімдіктен.

Әкімдіктен атап өткендей, меншік иесі шаруа қожалығын жүргізу үшін нысаналы мақсаты бар жер учаскесінде рұқсат құжаттары жоқ құрылыс жұмыстарын бастаған. Қазіргі уақытта нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылды.

«Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасы меншік иесіне қатысты жоспардан тыс тексеруге бастамашылық жасауда. Оның нәтижесі бойынша жер учаскесін бастапқы қалпына келтіру үшін жіберілген бұзушылықтарды жоюға нұсқама бере отырып, ҚР ӘҚБтК-нің 316-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік шаралар қабылдайтын болады», - деп хабарлады әкімдіктен.

Жалпы, аудан бойынша ауа райы болжамына байланысты коммуналдық қызметтердің жұмысы алдын ала күшейтіліп, кезекшілік ұйымдастырылды. Су басу қаупі бар аймақтардағы учаскелер Алматы әкімдігінің бақылауында.

Соңғы жаңалықтар