Алматыда LEGO брендінің атауын жамылған кәсіпкердің саудасына тосқауыл қойды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 25 шілдеде Алматы қаласында әділет органдары «LEGO» тауар белгісін заңсыз пайдалану бойынша контрафактілік өнімді өткізу фактісінің жолын кесті.
«Lego Juris A/S» компаниясы өкілінің өтініші бойынша Алматы қаласының көтерме сауда базарларының бірінде көтерме саудамен айналысатын «Б» ЖШС жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында балалар конструкторларында «LEGO» тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны анықталды.
«Нәтижесінде 4 миллион теңгеден астам сомаға 3 145 контрафактілік өнім алынды. Бұл ойыншықтар зияткерлік меншік құқығын бұзып қана қоймай, балалардың денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Контрафактілік ойыншықтарда қауіпті химиялық заттардың болуы және сапасыз материалдардан жасалуы мүмкіндігі зор. Бұл балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ауыр зардаптар әкелуі мүмкін», — деп жазды Әділет министрлігінен.
Контрафактілік өнімдер танымал брендтерге деген сенімге нұқсан келтіріп, адал өндірушілерге зиян тигізеді. Қазіргі уақытта ҚР ӘҚБтК-нің 158-бабы бойынша кінәлі тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша іс жүргізу шаралары қабылдануда. Істің материалдары кінәліні одан әрі жауапқа тарту үшін сотқа жіберілетін болады.