Алматыда LEZ аймағын енгізу жұмысы қалай жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда атмосфералық ауаның ластануын азайту үшін төмен шығарындылар аймағын (LEZ) енгізу жобасы қолға алынды.
Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереевтің айтуынша, 2025 жылы 30 желтоқсанда қалалық мәслихат атмосфералық ауаны қорғау қағидаларын бекітті. Негізгі ластау көздерін қамтитын құжат шығарындыларды, оның ішінде автокөлік шығарындысын азайту жөніндегі талапты белгіледі. Нәтижесінде 2026 жылдың 28 сәуірінен бастап төмен шығарындылар аймағын (LEZ) енгізудің пилоттық жобасы іске қосылды. Ол Бөгенбай батыр көшесі, Абай даңғылы, Желтоқсан көшесі және Достық даңғылы шекараларындағы аумақта қолданылып жатыр.
- 2026 жылдың соңына дейін LEZ тестілік режимде жұмыс істейді. Бұл кезеңде жүргізушілер үшін аймаққа кіру ақысы, айыппұл және көлік қозғалысына шектеу қарастырылмаған. Қазір техникалық шешімдер, дерек алмасу және жүйеге қатысушылардың өзара іс-қимылы пысықталып жатыр. Пилоттық аймақта 134 жол белгісі орнатылып, 15 көшеге жол таңбасы салынды, - деді ведомство өкілі.
Оның сөзінше, LEZ негізгі қағидаты – автокөліктің нақты шығарындылар деңгейіне қатысты. Сондықтан тетіктің маңызды бөлігі – бензинмен және газбен жүретін автокөліктердің пайдаланылған газдарының уыттылығын, ал дизельді көліктердің түтін шығару деңгейін өлшей отырып, техникалық тексеру жүргізу қажет.
LEZ аймағына қатысты Алматының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Бұзырбаев пікір білдірді.
Айтуынша, автокөлік газдары мен түтіні қаладағы зиянды заттар шығарындыларының жалпы көлемінің шамамен 60%-ын алады. Сондықтан жұмыс ескі көліктерге тыйым салуға емес, белгіленген экологиялық нормативтен асып түсетін автокөліктерді анықтауға бағытталуы тиіс.
- Бір жылы шығарылған және бір экологиялық класқа жататын екі көліктің шығарындысы әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан жүйе әр көліктің нақты жағдайын бағалауы керек, – деді Ерлан Бұзырбаев.
Сарапшының айтуынша, автокөліктің жылы оны пайдалануға шектеу қоюға өздігінен негіз болмайды. Техникалық тұрғыдан жарамды көлік шығарылған жылына қарамастан тексеруден өте алады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 1 қыркүйектен бастап автокөліктер техникалық тексеруден өтуі тиіс екенін жазғанбыз.