Алматыда LEZ аймағының шектеулері мен жұмыс тәртібі түсіндірілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазір Алматыдағы шығарындылары төмен аймақ (LEZ) пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.

в
Фото: Алматы әкімдігі

2026 жылы 28 сәуірде іске қосылған пилоттық жоба жыл соңына дейін жалғасады. Бұл туралы заң шығару саласының сарапшысы, Алматының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Бұзырбаев айтты.

- Пилоттық режимде автокөліктерді міндетті түрде техникалық тексеруден өткізу, аймаққа кіргені үшін ақы алу, қозғалысты шектеу немесе айыппұл салу қарастырылмаған. Қазір автокөлік иелерінің техникалық тексеруден өтуі ерікті. Ал одан өтпеу ешқандай құқықтық салдарға әкеп соқпайды, – деді ол.

Оның айтуынша, Алматының географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, пилоттық жоба қорытындысы бойынша LEZ шекарасын бүкіл қала аумағында белгілеу мәселесі қарастырылады.

Ерлан Бұзырбаев Алматы тау бөктеріндегі ойыста орналасқандықтан, мұндағы климаттық және табиғи жағдайлар ластаушы заттардың ауада табиғи жолмен таралуына кедергі келтіретінін атап өтті. Сондықтан атмосфералық ауаның ластануы кейбір аудандар немесе көшелермен шектелмеуі қажет. Сарапшы пікірінше, LEZ аумағын тым тар шеңберде белгілеу оның экологиялық тиімділігін төмендетуі мүмкін.

- LEZ-ді тұрақты режимге көшіру үшін Алматы қаласы әкімдігінің шығарындылары төмен аймақтың шекарасын белгілеу туралы жеке қаулысы қажет. Бұл қаулы қабылданғанға дейін қазіргі шекаралар тек пилоттық жоба аясында қолданылады, – деді сарапшы.

Еске салайық, биыл Алматыда LEZ жобасы аясында жол белгілері орнатылды.