Алматыда LRT депосының болашақ бейнесі көрсетілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Алатау ауданында LRT депосының құрылысы жүріп жатыр.

Алматы
Фото: instagram.com/ almatydc.kz

Алматы қаласын дамыту орталығы әлеуметтік желіде LRT депосының аумағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды және болашақ нысанның бейнесін көрсетті.

Алматы қаласын дамыту орталығының сарапшысы Нұрбол Алипов айтуынша, қазір LRT пойыздарының шекті нүктесі болатын 19 гектар аумақта жер қазу, топырақты кері толтыру және тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға көптеген арнайы техника жұмылдырылған: 21 жүк аударғыш көлік, 7 экскаватор, 6 тасымалға арналған жүк көліктері, 4 тығыздауыш техника және 2 су таситын көлік. Мұнда пойыздар тұраққа қойылып, техникалық тексеруден өтеді, күнделікті қозғалысқа дайындалады және рейстерге шығады.

а
Фото: instagram.com/ almatydc.kz

Еске салайық, 2027 жылдың соңына дейін Алматыда LRT-ның бірінші кезегін іске қосу жоспарланып отыр. Ұзындығы 18,3 шақырым болатын желіде 34 аялдама қарастырылған. Бір құрам бір мезетте 300-ге жуық жолаушыны тасымалдайтын болады.

ы
Фото: instagram.com/ almatydc.kz

Бұған дейін Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы Олжас Шабданов LRT желісінің құрылысы туралы айтқан болатын.

Еске салайық, биыл сәуір айында Алматыда бұрынғы трамвай рельстері алынып, LRT құрылысына дайындық басталды.

Кейін Алматыда жеңіл рельсті көліктің құрылысына дайындықтың жаңа кезеңі басталғаны хабарланды.