Алматыда LRT құрылысы жүріп жатқан көшенің кей учаскелерінде жол ойылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жауын-шашынға байланысты Момышұлы көшесіндегі кей учаскелерде жол төсемі шөгіп, көлік қозғалысы қиындады.
Әлеуметтік желіде су толған жол ортасындағы ойықтардан көліктердің қиындықпен өтіп жатқаны туралы бейнежазбалар тарады. Сондай-ақ желіде тұрғындар осы себепті көшеде кептеліс пайда болып, автобустардың жаңбырлы күні аялдамаға келмей жатқаны туралы жазған.
Kazinform тілшісі мұндай учаскелердің біріне барып көрді. Мөңке би көшесіне жақын Момышұлы көшесінің бойында екі бағытта да жол жүрісі қиындаған. Себебі жол бірнеше тұстан қазылып, жол төсемі толықтай қалпына келтірілмеген. Ал бір тұсында үлкен ойық пайда болған. Онда қазір жол төсемін қалыпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Аталған жағдайға байланысты Алматы қаласының жол инфрақұрылымын дамыту басқармасы түсініктеме берді.
Ведомство мәліметінше, LRT жобасын іске асыру аясында Момышұлы және Төле би көшелерінің учаскелерінде инженерлік желілерді қайта құру жұмыстары жүргізілген. Жауын-шашынның мол түсуіне байланысты жекелеген учаскелерде топырақ шөгіп кеткен.
- Қазіргі уақытта мердігер ұйым қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аталған жұмыстар жол негізін нығыздауды және көлік құралдарының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында уақытша шара ретінде фрезерленген асфальтбетонды қолдануды қамтиды. Ауа райы жағдайлары тұрақтанғаннан кейін асфальтбетон жабыны технологиялық талаптарға сәйкес қалпына келтіріледі, - деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда ауа райының нашарлауына байланысты коммуналдық және төтенше жағдайлар қызметтері күшейтілген кезекшілік режиміне көшкенін жазғанбыз.