Алматыда LRT желісін салу үшін 4 ауданның 270 жер учаскесі мемлекетке алынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда алдағы жылдары LRT құрылысы басталады.

ЛРТ
Фото: CTS

Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 26 наурыздағы №1/1-371 қаулысына сәйкес, жеңіл рельсті көліктің (LRT) бірінші желісінің бірінші кезегін салу үшін («Алматы-2» теміржол вокзалынан Мөңке би көшесіне дейін) Жетісу, Алмалы, Әуезов және Алатау аудандарының аумағында орналасқан 270 жер учаскелері мемлекет мұқтажына алынады. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген.

«Қала жер орталығы» меншік иелерін хабардар етеді. Ал Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы заңнамамен белгіленген тәртіпте жер учаскелерінің меншік иелеріне өтемақы төлейді. Жер телімдері мемлекет меншігіне алынған соң, Алматы қаласы жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының теңгеріміне өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда LRT жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Құжат мәліметтері бойынша LRT депосы ЖЭО-2 учаскесінен шығысқа қарай Фариза Оңғарсынова, Мөңке би және Бауыржан Момышұлы көшелерінің аралығында орналасады. Деподан бастау алған жылдам рельсті көлік желісі Б.Момышұлы көшесімен оңтүстік бағытта Төле би көшесіне дейін, сосын Төле би көшесімен шығыс бағытта Абылай хан даңғылына дейін жүреді. Осы учаскеден маршрут солтүстікке қарай бұрылып, Абылай хан даңғылымен Алматы-2 теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы аялдама «Райымбек батыр» — көлік-ауысып отыру торабының аумағында қарастырылған. 2027 жылдың ІІ тоқсанында құрылыс басталып, 2029 жылдың ІІ тоқсанында құрылысы аяқталуы ықтимал.

Алматыда LRT салу идеясы 2018 жылдан бері талқыланып келеді. Алғашқы жоба нұсқасында ұзындығы 22,7 шақырым болатын екі жолда 37 станция қарастырылған. Қозғалыс интервалы — ең көп дегенде 4 минут, ал бір тәуліктегі жолаушылар саны 76-112 мың адам болады деп болжанған. Коммерциялық орташа жылдамдық 22 шақырым/сағ, ал жобаны жүзеге асыру мерзімі 2019-2042 жылдар аралығында жоспарланған еді. Кейін құрылыс бірнеше рет кейінге шегерілді. 2020 жылы бастау жоспарланғанымен, ТЭН бойынша жобаның инвестициялық құны 94,2 млрд теңге (ҚҚС-пен бірге) деп бағаланып, қаржылық мәселелерге байланысты тоқтатылған.