Алматыда мәдениет саласының 200 қызметкері шетелде біліктілігін арттырып келді
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы халықаралық мәдени ынтымақтастықты белсенді дамытуды қолға алды. Мәселен, мәдениет саласының қызметкерлері Франция, Германия, Италия, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ, Түркия, Австрия, Венгрия, Грузия және басқа елдердің жетекші әлемдік мәдени орталықтарында біліктілігін арттырып, оқып келді.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, олар - кітапханашылар, мұражайтанушылар, мұрағатшылар, хайуанаттар бағының ветеринарлары, цирк және театр әртістері.

Мегаполистің мәдени нысандары 100% реновациялық жаңарудан өтеді. Қызметкерлер теорияда да, практикада да заманауи стандарттар мен клиентке бағытталған коммуникацияны зерттеуге баса назар аудара отырып, жаңа дағдылар мен құзыреттерге ие болады.

Музей қызметкерлері Францияның ұлттық ескерткіштер орталығында білім алып, әлемдік өнер мұражайының – Musée du Louvre жұмыс тәжірибесін зерттеді.
Алматылық кітапханашылар Сеул кітапханаларында Gachon University және Namsan Public Library, Starfield Library, Nlcy, Seoul Women's University Library және Chung Ang University Library сияқты тағылымдамадан өтті.

Алматы циркінің әртістері алғаш рет Бейжің халықаралық акробатика мектебінде және Ресей театр өнері институты — ГИТИСТЕ біліктіліктерін арттырды.
«Мәдениет саласының қызметкерлері алғаш рет осындай бірегей мүмкіндікке ие болды – әлемнің жетекші мәдени орталықтарының қабырғасында оқып, кәсіби дағдыларын жетілдірді. Қала әкімі Ерболат Досаев саланы дамытуға ерекше көңіл бөледі, бұл ауқымды іс-шараларды өткізу, мәдениет нысандарын жаңғырту қызметкерлердің ой- өрісін дамытуда. Цирк және жергілікті театр әртістері, мұражайтанушылар мен кітапханашылар, сондай – ақ хайуанаттар бағы мен мұрағат қызметкерлері соңғы екі жылда 200-ге жуық адам шетелде оқып келді», - деп атап өтті Алматы қаласының мәдениет басқармасы.
Бұған дейін Алматы туризм бюросының маркетинг және талдау бөлімінің басшысы Руслан Жанабаев 2023 жылы туризм секторы мегаполис бюджетіне 71,7 млрд теңгеден астам салық түсімдерін әкелгенін жеткізген еді.
Айтуынша, былтыр Алматыға 2 миллион турист келді, бұл — рекорд. Статистика жүргізіле бастаған уақыттан бері мұндай көрсеткіш болмаған. Қала бюджетіне қонақ үй сынды жатын орындары 74 млрд теңге, ал туристік операторлар 8,7 млрд теңге пайда әкелді.
Мегаполистің 80 мың тұрғыны туристік салаға қатысы бар немесе тікелей осы секторда жұмыс істейді.