Алматыда макулатура өңдейтін кәсіпорындардың қуаты жылына 200 мың тоннадан асады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін екі кәсіпорынды жаңғырту жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 200 мың тоннадан асады.

в
Фото: Алматы әкімдігі

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, «Жасыл даму» АҚ қолданыстағы кәсіпорындарды жаңғыртуға және қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыруға бағытталған жобаларды қаржыландыруды жалғастырып келеді.

Ірі жобалардың бірі – «KZ Recycling» ЖШС кәсіпорнын жаңғырту. Жоба жүзеге асқаннан кейін мұнда қағаз қалдықтарын қайта өңдеу қуаты жылына 150 мың тоннаға дейін ұлғаяды. Жобаның жалпы құны шамамен 36,5 млрд теңгені құрайды.

– Жоба «Жасыл даму» АҚ тарапынан кәдеге жарату төлемдері есебінен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп қаржыландырылды. Қаражат толық көлемде игерілді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қажетті инфрақұрылым дайындалуда, – деп хабарлады Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Аталған жобаны толық аяқтау 2028 жылға жоспарланған.

Министрлік дерегінше, Алматыда қағаз қалдықтарын қайта өңдеу бағытында барлығы екі жоба іске асырылып жатыр. Екі кәсіпорынды жаңғырту аяқталған соң олардың жиынтық қуаты жылына 200 мың тоннадан асады.

Бұл жобалар қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға және макулатураны қайта айналымға жіберу көлемін арттыруға бағытталған.

Айта кетейік, Алматы облысының агрокәсіпорындары өнімін 10 елге экспорттап отыр.