Алматыда мектеп ас мәзіріне ұлттық тағамдар енгізілуі мүмкін
Алматы мектептерінде оқушыларға берілетін тегін ас мәзіріне ұлттық тағамдар енгізілуі мүмкін. Пилоттық жоба үш мектепте жүзеге асады, деп хабарлайды Kazinform.
Жоба бастамашысы – Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі. Білім мекемесі пилоттық жобаны «Ұлттық салауатты тамақтану орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жүзеге асырады.
«Бүгінгі таңда зерттеу жүргізу үшін №135, №153, №201 үш мектеп таңдалды. Сонымен қатар, аталған мектеп оқушыларының ата-аналарынан рұқсат алынды. Мектептерде антропотологиялық зерттеу өткізілді. Оқушыларымен сауалнама жүргізілді, асхана қызметкерлері оқытылып, тексеріліп, салауатты тамақтануды насихаттайтын іс-шаралар ұйымдастырылды. Айта кетейік, бұл – әзірге тек пилоттық жоба», - деп хабарлады қалалық білім басқармасынан.
Зерттеу жұмыстары 2024 жылдың мамырына дейін жалғасады.
Бүгінде Алматыдағы мемлекеттік білім беру мекемелерінде 134 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы тегін тамақпен қамтылған.