Алматыда мектеп, емхана, саябақтар салу үшін 222 жер телімі сатып алынды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асыру үшін Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы былтыр 222 жер телімін сатып алды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, аталған жер учаскелері мектептер, емханалар мен саябақтар салу үшін сатып алынды.
«Мәселен, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырық; Бостандық ауданында жайлы мектеп салу Әуезов ауданы Қуаныш шағын ауданындағы №18 емхана; Абай-Тұрғыт Озал даңғылын абаттандыру және көгалдандыру; Бостандық ауданындағы «Молодежный» саябағын салу; Алатау ауданы Мұхитдинов көшесіндегі балабақша; Түрксіб ауданы Әлмерек шағын ауданындағы отбасылық-дәрігерлік амбулатория, балабақша және тағы басқа жобалар бойынша сатып алу аяқталды», - деп атап өтті әкімдіктен.
Айта кетсек, Алматы қаласының жер көлемі 68,3 мың га.
«2023 жылы қалада жер комиссиясының 4 отырысы өткізіліп, 2 818 өтініш қаралды, Алматы қаласы әкімдігінің 1 478 жеке тұлғаға және 2 448 заңды тұлғаға қатысты 516 оң қаулысы қабылданды. Қазіргі кезде Алматы қаласының жер көлемі 68,3 мың га», - делінген хабарламада.