Алматыда қанша ғимарат мемлекетке қайтарылып, аукционда сатылды

Орион
Фото: Қайтарылған активтерді басқару компаниясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС мемлекет меншігіне Алматы қаласынан қайтарылған нысандарды аукционда сатып жатыр. Бүгінгі дейін Алматыда сатылған активтерден 7,6 млрд теңгеден астам табыс түскен. Бұл туралы компания Kazinform сауалына жолдаған жауабында хабарлады.

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» 2023 жылғы 21 қыркүйекте құрылған. Толықтай мемлекет меншігіне тиесілі компания мемлекетке қайтарылған активтерді қабылдап, активтер сатылғанға дейін оларды жалға беру, сенімгерлік басқару, өз бетімен басқару арқылы үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Ведомство мәліметіне сәйкес, қазіргі дейін Алматы қаласында компания иелігінде болған 3 нысан аукционда сатылған.

Олар: «Байтақ» шағынауданындағы жер учаскесі, Байтұрсынов көшесінің бойындағы әкімшілік ғимарат және «Орион» бизнес-орталығы.

— «Байтақ» шағынауданындағы жер учаскесі аукционға 176 млн теңге бағамен шығарылып, нәтижесінде 657 млн теңгеге сатылған.

— Байтұрсынов көшесі, 46 мекенжайында орналасқан әкімшілік ғимараттың сатылымға шығарылған бастапқы бағасы 663 млн теңге болды. Ал аукционда сатудың қорытынды бағасы 732 млн теңгеге жетті.

ғимарат
Фото: 2gis

— Медеу ауданында орналасқан құрылысы аяқталмаған жер учаскесі («Орион» бизнес-орталығының әкімшілік ғимараты) бастапқы бағада — 6 278 384 321 теңгеге E-Qazyna платформасында сатылды.

ғимарат
Фото: Қайтарылған активтерді басқару компаниясы

«Сатылым ашық электронды сауда-саттық шеңберінде жүргізілді, бұл бастапқы бағамен салыстырғанда, активтердің құнын едәуір арттыруға мүмкіндік берді», — делінген компания жауабында.

Ендігі кезекте «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС Алматы қаласынан тағы бірқатар нысандарды электронды сауда-саттыққа қоюды жоспарлап отыр:

1. Жетісу ауданы Ратушного, 64Г мекенжайында орналасқан өндірістік база.

өндірістік база
Фото: 2gis

2. Бостандық ауданының «Көктем-2» шағынауданы, 22 мекенжайында орналасқан жылжымайтын мүлік.

3. Бостандық ауданы Байтұрсынов, 104А мекенжайында орналасқан әкімшілік ғимарат.

ғимарат
Фото: 2gis

Еске салайық, бұған дейін Қайтарылған активтердің қаншасы мемлекет меншігіне өткенін жазғанбыз.

Сондай-ақ Қазақстан қайтарылған активтерді сатудан қанша табыс тапқаны туралы мәлімет берілген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram