Алматыда жер телімдерін қайтару: мемлекеттік учаскелерге қатысты алаяқтық схемасы әшкереленді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласында А.К. Әбдіжапаровқа қатысты мемлекет меншігіндегі жер телімдерін алаяқтық жолмен иемдену дерегі бойынша айыптау үкімі шығарылды. Бұл туралы ҚМА баспасөз қызметі хабарлады. 

7 жылға бас бостандығынан айырылды
Фото: ҚМА

Аталған қылмыстық істі ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті жүргізді.

— Анықталғандай, Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен уақытша пайдалану құқығы негізінде «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға Жуков көшесі, 67-учаске (2,3 га) және Жамакаев көшесі, 77-учаске (6,3 га) мекенжайларында орналасқан жер телімдері 5 жыл мерзімге берілген. Бұрын «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкері болып жұмыс істеген Әбдіжапаров жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесінің қалай жұмыс істейтінін біле отырып, уәкілетті органдарға жер телімдерін уақытша пайдаланудан бас тарту туралы жалған келісімдер мен жер телімдері жеке меншікке берілді деген жалған әкімдік қаулыларын тапсырған, — делінген хабарламада. 

Алайда іс жүзінде мұндай қаулылар әкімдік тарапынан шығарылмаған.

Осының нәтижесінде ол аталған жер телімдерін заңсыз түрде өзінің «Айша Групп» ЖШС-нің атына қайта тіркеген.

Кейін бұл жер телімдерін үшінші тұлғаларға 1,3 млрд теңгеге сатып жіберген.

Соттың санкциясымен нарықтық құны 13,6 млрд теңге болатын жер телімдеріне тыйым салынды.

Сот үкімімен Әбдіжапаров Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды, олардың аумағында инновациялық хаб салу жоспарланып отыр.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Айта кетелік елордада мемлекет қажетіне 58 жер телімі алынатыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар