Алматыда мереке күндері қаланың коммуналдық қызметтері тәулік бойы жұмыс істейді
Алматы қаласында жауын-шашын басталды, Қазгидрометтің болжамы бойынша қардың биіктігі 6 см-ге дейін жетеді деп күтіледі, деп хабарлайды Kazinform.

Әкімдіктің мәліметінше, көктайғақтың алдын алу мақсатында қаланың негізгі жолдары көктайғаққа қарсы сұйық реагентпен алдын ала өңделді. Сондай-ақ, қаланың коммуналдық қызметтері алдын ала бекітілген маршрут бойынша жолдар мен тротуарлардың жүріс бөлігін көктайғаққа қарсы қоспамен өңдеуді бастады.

«16 желтоқсан күндіз 378 арнайы техника мен 1152 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Аудан әкімдіктерінде қар күреу жұмыстарын бақылау бойынша тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды», - деп хабарлады Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алматыда 16 желтоқсанда ауа температурасы -3...-5 градус аяз болса, 17 желтоқсанға қараған түні -4...-6, 17 желтоқсанда күндіз -1...-3 градус болады деп күтіледі.
