Алматыда мереке мен демалыс күндері қайда баруға болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда 9, 10, 11 мамыр күндері мерекелік іс-шаралар болады.

9 мамыр күні 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды концерттік бағдарлама өтеді. Сол күні сағат 9:30-да Қанат Ахметов жетекшілік ететін Мемлекеттік үрмелі оркестрдің қатысуымен Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылады. Ардагерлерге дала асханасынан тағам ұсынылады, сондай-ақ олар үшін арнайы шатырда жеке концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Саябақта алматылықтар мен қала қонақтарына арнап сағат 09:45-тен 21:00-ге дейін басты сахнада музыка үзіліссіз шырқалады. Күндізгі бағдарлама Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі «AlJazz Symphony» салтанатты өнер көрсетуімен басталады.
Бағдарламаға Қазақстанның танымал әншілері: Төлеген Рахымбаев, Венера Алпысбаева, Олег Татамиров, Алексей Тимофеев, Толқын Забирова, Береке Еңкебаева, Бақтияр Тайлақбаев, Игорь Благодарный, Мақсат Саматов, сондай-ақ, Art Classic, Il Canto, La Bella вокалды ансамбльдері және басқалар қатысады.
Музыкалық эстафетаны «Қасымның әндері-ай» концерті, Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев пен «Генерал» тобының жеке концерттері жалғастырады.
Сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін көрермендерге қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен кешкі концерт ұсынылады. Il Canto және La Bella квартеттері «Смуглянка» мен «Катюша» әндерін орындайды, Аркаим дуэті, «Алатау серілері» және «Жұмыр қылыш» ансамбльдері ұлттық әуендерді шырқайды. Сай Махамбет, Ержан Максим, Нұржан Керменбаев, Жұбаныш Жексенұлы және басқа да әншілердің жеке орындауларында түрлі әндер ұсынылады. Кешті «КешYOU», JasStars, «Алдаспан» және «Жігіттер» топтарының өнері түйіндейді.
Сонымен қатар сағат 19:00-де Көктөбе телемұнарасында Ұлы Отан соғысының атақты қазақстандық батырларының есімдері жазылған мультимедиялық Жеңіс күніне арналған құттықтау басталады.
Жеңіс әндері 10 және 11 мамыр күндері де 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында ашық аспан астында шырқала береді.
10 мамыр күні сағат 11:00-ден 15:00-ке дейін Даңқ ескерткішінің жанындағы сахнада «Сазген сазы» ансамблі ұлттық күйлермен, «Арқайым» этно-тобы, «МузАрт Life» ұжымы, «Жеті ғажайып» театры, Сұлушаш Нұрмағанбетова, Ғарифа Игісінова, Еркеш Хасенов, Қазыбек Әдікей, Ақылбек Жеменей, Өктем Алтаев, Дәлел Уәшев және Индира Елемес өнер көрсетеді.
11 мамыр күні сағат 12:00-де «Ешкім де ұмытылмайды, ешнәрсе де ұмытылмайды!» атты концертпен мерекелік бағдарлама жалғасады. Сахнаға халық аспаптар ансамблі «Сазген сазы», сондай-ақ, Саят Нұрғазин, Бауыржан Мусин және Жеңіс Ержанов шығады. Сағат 13:00-де «Асыл» тобы өнер көрсетеді, ал «Алматы әуендері» әртістері Талғат Күзембаев, Дәурен Байборы, Эрик Төленов, Тахмина Әшімбекова және Қазыбек Әдікеймен дуэтте соңғы болып өнер көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда 9 мамыр күні бірқатар көше уақытша жабылатынын жазғанбыз.