Алматыда метро қайтадан жүре бастады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы метрополитенінің жұмысы қалпына келтірілді.
Қалада электр қуатының уақытша өшуіне байланысты Алматы метрополитенінің жұмысы тоқтатылған болатын. Алматы әкімдігінің мәліметінше, қазір электрмен жабдықтау қалпына келтіріліп, метрополитен жұмысы қайта жанданды. Электр пойыздары қалыпты режимде жүріп жатыр.
— Уақытша қолайсыздық үшін жолаушылардан кешірім сұраймыз және түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз, — деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бүгін Алматы мен Алматы облысының басым бөлігінде жарық өшті.
Алматыда жарық өшуіне байланысты 9 балдық кептеліс пайда болды.
Алматыда жарық өшкеннен кейін су беру тоқтады.
Соның салдарынан Алматының барлық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Тағы бір ескеретін жайт — Канье Уэст концертіне байланысты Алматы метросының жұмысы ұзартылды. «Байқоңыр» метро бекеті сағат 21:00–де жолаушылар үшін жабылады. Концертке келушілерге «Абай» және «Мұхтар Әуезов атындағы театр» бекеттерін пайдалану ұсынылады. Метро жұмысы кемінде сағат 01:00–ге дейін, ал қажет болған жағдайда 03:00–ге дейін ұзартылады.