Алматыда моншаларға қатысты экологиялық талаптар күшейтілмек
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда атмосфералық ауаны қорғауға бағытталған жаңа экологиялық талаптарды енгізу мәселесі монша кешендерінің иелерімен талқыланды. Кездесуге қаладағы бизнес өкілдері, сондай-ақ сала мамандары қатысты.
Негізгі назар — үшінші санаттағы нысандарға қойылатын экологиялық стандарттарды түсіндіру және оларды кезең-кезеңімен енгізу жолдарына аударылды.
Талқылауда атмосфераға тарайтын зиянды шығарындыларды азайту, экологиялық таза отын түрлеріне көшу, сондай-ақ сүзгілеу және тазарту жүйелерін орнату сияқты нақты техникалық шешімдер көтерілді. Монша иелері жаңа талаптарға бейімделу мерзімі, жабдықтарды жаңарту шығындары және мемлекет тарапынан қолдау тетіктері жөнінде сұрақтар қойды.
Мамандардың айтуынша, жаңа экологиялық нормалар бірден емес, кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл бизнеске бейімделуге мүмкіндік беріп, бір мезетте қаладағы ауа сапасын жақсартуға бағытталған.
— Біз мұндай нысандардың жұмыс ерекшелігін жақсы түсінеміз және олардың жаңа талаптарға бейімделу жолдарын бірлесіп іздеуге дайынбыз, — деді Eco Almaty өкілі.
Жаңа талаптар 2027 жылдың басынан бастап күшіне енуі жоспарланып отыр. Олар Алматыдағы ауа ластануын азайтуға және экологиялық қауіпсіз технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда монша және сауна иелерімен профилактикалық жұмыс күшейтілетінін хабарлағанбыз.