Алматыда мопед мәселесі қашан шешіледі

заң
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қыс кезінде біраз уақыт демалысқа кеткен мопедшілер көктем келе Алматының көшелерінде қайтадан көбейді. Жылдам көлік жүргізушілерінің қауіпті қозғалысына шағым айтқан Алматы тұрғындарының бейнежазбалары әлеуметтік желілерде күнделікті жарияланып келеді. Өткен жылдан бері қызу талқыланып келе жатқан бұл мәселе биыл өз шешімін таба ма?

Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі жариялаған ресми мәліметке сүйенсек, биыл көктем-жазғы кезеңде мопедтің қатысумен 301 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 3 адам қайтыс болған.

«Көктем мен жаз кезінде Алматы қаласының полициясы қала жолдарында апаттық жағдайлардың көбеюіне әсер ететін көліктің жекелеген түрлерінің жол қозғалысын қадағалауды күшейтті. Іс жүзінде мотоциклдер мен мопедтердің иелері тарапынан тіркелетін жол ережелерін бұзу фактілері сирек емес. Әсіресе, жол ережелерін бұза отырып маневр жасау мен жылдамдық режимін өрескел бұзу және түнгі уақытта рұқсат етілмеген жарыстар азаматтардың тыныштығын бұзады. Бұл қала азаматтары мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың шағымдарын тудырады. Осыған байланысты Алматы полициясы көліктің баламалы түрлерін басқаратын адамдардың құқық бұзушылықтарын анықтау бойынша жұмысты күшейтті. Жергілікті рейдтер жүргізілуде», – деп хабарлады Алматы қаласы ПД баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ департамент тарапынан мопед жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының басты себептері аталды.

«Мотоциклдің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері: белгіленген жылдамдық режимін сақтамау, қарсы қозғалыс жолағына шығу, қиылыстардан өту ережелерін бұзу, маневр жасау және т.б. Жыл басынан бері Алматы қаласының полициясы мопед жүргізушілерінің 7 мың 522 жол қозғалысы ережесін бұзғанын анықтады. Сонымен қатар осы уақыт аралығында Алматыда мопедтердің қатысуымен 301 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, нәтижесінде 3 адам қаза тапты», – деп атап өтті департамент баспасөз қызметі.

Өткен жылы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуіне мопедшілер мәселесі заңға өзгерістер енгізілген кезде шешілетінін айтқан болатын.

- Заң жүзінде олар (ред. – мопед) көлік құралдары ретінде танылып, әр көлікке тиісті тіркеу жүргізілгеннен кейін полиция айыппұл салуға мүмкіндік алады. Басты мәселе – тамақ жеткізушілер негізінен мопедке мінеді. Олар тапсырысты уақытылы жеткізу үшін кез-келген ережені бұзуға дайын. Жол ережесін өрескел бұзған мопедшілерге шаралар қабылданады. Біз мүмкіндігінше күш саламыз. Алматыда ғана емес, бүкіл ел бойынша мәселені шешуге мүмкіндік беретін ең жақсы шешім – бұл заңнамалық шектеулер, – деп пікір білдірген Алматы қаласының әкімі.

Ерболат Досаев заңға тиісті өзгертулер күзге дейін еніп, мәселе сол уақытта шешілуі мүмкін екенін де айтқан. Алайда шаһар басшысының болжамы орындалмады. Мәжіліс депутаттары тиісті заңнамалық өзгерістерді биыл 15 мамыр күні қабылдады. Мәжілістің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» Заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен ілеспе құжат екінші оқылымда қабылданды. Заң жобасында келесі нормалар ұсынылған:

- қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден кем мопедтерді мемлекеттік тіркеу;

- мопед жүргізушісіне қойылатын талаптарды белгілеу;

- жергілікті атқарушы органдарға электр самокаттарды пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беру;

- жол қауіпсіздігін цифрландыру.

Сонымен қатар заң жобасы күшіне енгеннен кейін жол қозғалысы ережелерін бұзған мопед жүргізушілері автокөлік жүргізушілері секілді жауапқа тартылады. Бұған дейін оларға жол қозғалысының баламалы қатысушылары ретінде тек 2 АЕК (7 384 теңге) айыппұл салынатын.

Дегенмен, мопедтерді мемлекеттік тіркеу заң қабылданғаннан соң 6 айдан кейін басталады. Сондықтан Алматыда мопедшілер мәселесі биыл да толық шешілмеуі мүмкін. Қазіргі уақытта заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілді.

Соңғы жаңалықтар