Алматыда мүгедектігі бар адамдар үшін қажетті құрылғыларды алуға 15 млрд теңге жұмсалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов инклюзивті орта құру жөніндегі бағдарламаның қалай іске асырылып жатқанын Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтып берді.

Оның айтуынша, 2024 жылы мүгедектігі бар адамдарды қолдауға жергілікті бюджеттен 15 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Оған протез, арба, есту аппараттары және басқа да қажетті құрылғылар сияқты техникалық оңалту құралдары алынды. Бүгінгі күні мегаполисте оңалту қызметтерімен 34 940 адам қамтылған.
Сондай-ақ, Бауыржан Жаубасов қалада мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылғанын атап өтті.
— 2024 жылы 15000 инфрақұрылым нысанына төлқұжат тапсырылды. 2025 жылға дейін тұрғын үйлерді, қоғамдық кеңістіктерді және аялдама кешендерін қоса алғанда 32 500 нысанды паспорттауды аяқтау жоспарланып отыр. Бұл барлық тұрғындары үшін қалалық ортаның қолжетімділігін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді, — деді басқарма басшысы.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде мүгедектігі бар 500 адам баспана алу құқығынан айырылғанын жазғанбыз.