Алматыда найзағай салдарынан жер үй өртенді

Частный дом горел во время сильного ветра в Алматы
Фото: вижеодан алынған кадр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда найзағайдың әсерінен жер үй өртенді. Өрт сөндірушілер өртті сөндіріп, аумағындағы үй-жайлар мен көршілес үйге өрттің таралуына жол бермеді, деп хабарлайды Алматы әкімдігінің Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Өртенген үйдің видеосы әлеуметтік желіге шықты. Онда «Ұлжан» шағынауданында сағат 18:20-да найзағай түсуі салдарынан жер үйің өртенгені жазылған.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 28 наурыз күні сағат 18:10-да өрт сөндірушілер жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама бойынша «Ұлжан-1» шағынауданы, Ақжайық көшесі, 17-үй мекенжайына жіберілді.

«Келген сәтте 120 шаршы метр аумақта жер үйдің шатыры өртенгені анықталды. Дереу өрт оқпандары енгізіліп, автоцистерналар өрт гидранттарына орнатылады. Қабылданған шаралардың арқасында өрт сағат 18:56-да оқшауланып, 19:06-да сөндірілді. Өртті сөндіруге 14 техника, жеке құрамның 61 адамы жұмылдырылды», - деп хабарлады ТЖД-ның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, өртенген үйдің аумағындағы үй-жайлар мен 2-3 метр қашықтықта салынған көршілес үйге оттың таралуына жол берілмеді. Өрт сөндірушілер өрттің нақты неден шыққанын анықтап жатыр.

Еске салайық, бүгін Алматыда жел күшейіп, шаңды дауыл тұрды. Артынан найзағай ойнап, жаңбыр жауды.

Осыған байланысты қаланың құтқарушылары мен коммуналдық қызметтері күшейтілген қызметке көшті.

Соңғы жаңалықтар