Алматыда нөсер жауын: қала көшелерін су басты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қатты жаңбыр жауып тұр. Кей жерлерде жаяу жүргіншілер жолы мен көшелерді су басты. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.

Мегаполисте таңертеңнен басталған жаңбыр толастар емес. Синоптиктердің болжауынша, жауын 17 сәуірге дейін жауады. Бүгін таңғы сағат 9:00-дегі жағдай бойынша 28 мм көлемінде жаңбыр жауған.

Әлеуметтік желіде алматылықтар таңғы уақытта түсірілген фото және видеолармен бөлісіп жатыр. Кадрлардан жол бойында судың жиналып қалғанын көруге болады.
Сондай-ақ қаланың көптеген көшелері, соның ішінде Саин, Момышұлы көшелері мен Райымбек даңғылы су астында қалды. Сонымен қатар, жер асты өткелдеріне су толып, тұрғындарға қосымша қиындықтар туғызды.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, сағат 9:00-дегі жағдай бойынша 12 аумаққа су жиналған. Оның алтауы - жеке тұрғын үй. Оған себеп - арық желілерінің бітелуі.
Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасынан атап өткендей, күндізгі ауысымға 425 бірлік арнайы техника және 802 жұмысшы жұмылдырылды.

Мотопомпа, тазалаушы заттармен және басқа да қажетті шанц құралдарымен жарақтандырылған 52 жедел мобильді бригада жол астындағы арық арқылы судың кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз ету және проблемалық учаскелердегі су тасқынын жою үшін кезекшілік ұйымдастырылды.
2,3 мың қап құм дайындалды. Аудан әкімдіктерінде жұмысты бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
