Алматыда оқитын атыраулық студент UNAI қосымшасын ойлап тапты

АТЫРАУ. KAZINFORM — Алматы технологиялық университетінің 3-курс студенті Нұрдәулет Байханов жаңа қосымша құрастырды. Атыраулық студент оған UNAI деген атау берген. 

UNAI қосымшасын жасады
Фото: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі / Kazinform

Жаңашыл студент Нұрдәулет Байхановтің айтуынша, бұл қосымшамен ҰБТ сұрақтарына дайындалуға, сараптама жасауға, жеке және топтық сайыс өткізуге болады.

«Қазір бұл форматтағы қосымшалар көп. Бірақ, UNAI-дың басқа қосымшалардан бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, оны тегін қолдана аласыз. Екіншіден, оқушының ҰБТ-ға дайындалып, білім деңгейінің көтерілгеніне сараптама жасауға болады. Бұл қосымша «Қалай 100 мың оқушыға көмектесе аламыз?» деген ізденістен туындады. Мақсатым — биыл 100 мың түлектің осы бағдарламаны пайдаланып, жоғары оқу орындарына тегін грантқа түсуіне көмектесу. Қосымша әр түлектің білімін жетілдіруіне кішкене болса да үлес қосады деген ойдамын», - дейді Нұрдәулет Байханов. 

Оның пікірінше, білікті маман атану үшін алдымен ҰБТ-дан жоғары балл алу қажет. Жастар мемлекеттік грантпен жоғары білім алып, маман иесі атанса, еліміздің әлемдік деңгейге шығуына үлес қосар еді. 

«Шоқан Уәлиханов атамыздың «Халықтың кемеліне келіп, өркендеп, өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет» дегенін ұдайы жадымда ұстап жүремін. Мен де елімнің дамуына осылай өз үлесімді қосып, халқымыздың жағдайы жақсарғанын қалаймын», - дейді Нұрдәулет Байханов. 

Студенттің айтуынша, UNAI қосымшасын пайдалану үшін App Store және Play market бағдарламасы арқылы жүктеу керек. Қосымшаға тіркелген соң, бастапқы беттегі «Ойнау» батырмасы арқылы бірден ҰБТ-ға дайындықты бастауға болады. Ал, арнайы нұсқаулықты unai.kz Instagram немесе Tik Tik парақшасынан көруге мүмкіндік бар. 

Еске сала кетелік, бұған дейін атыраулық ғалымның шұбат пен қызылшадан жасаған сусыны шығарыла бастағанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар