Алматыда алғашқы мопед тіркеліп, нөмір алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда алғашқы мопед жүргізушісі көліктің техникалық төлқұжатын және мемлекеттік тіркеу нөмірін алды.

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 11 қаңтардан бастап пилоттық жоба аясында мопедтерді тіркеуге рұқсат беретін ережелер күшіне енді.
— 2024 жылы «Жол қозғалысы туралы» заңға түзетулер енгізілді. Енді мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушыларына жатады және оларға барлық заң талаптары қолданылады. ҚР Ішкі істер министрлігі оларды тіркеу үшін қажетті құжаттардың тізбесін әзірледі. Заң талаптарын бұзбау үшін мопедтерді тіркеу және А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажеттігін хабарлаймыз, — деді Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция Басқармасы Процессинг орталығының басшысы Айдын Меркімбаев.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылдың 4-ші сәуірінен бастап, мопед жүргізушілеріне қатысты өзгерістер іске қосылатынын жазғанбыз.