Алматыда Олжас Сүлейменовтің шығармашылығына арналған көрме өтті

АЛМАТЫ.KAZINFORM - Almaty Museum of Arts музейінде көрнекті ақын, қоғам қайраткері, дипломат әрі зерттеуші Олжас Сүлейменовтің 90 жас мерейтойына арналған мәдени іс-шара өтті.

Сүлейменов
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жиынға мәдениет пен өнер қайраткерлері, жазушылар, архив ісінің мамандары және ақын шығармашылығының жанашырлары қатысты.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, кездесуде Олжас Сүлейменовтің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі, қоғамдық қызметі және шығармашылық мұрасының маңызы сөз болды.

Іс-шара аясында ақынның өмірі мен шығармашылық жолының әр кезеңінен сыр шертетін архивтік фотоқұжаттар көрмесі ұйымдастырылды. Бүгінде архив қорында Олжас Сүлейменовке қатысты жүзге жуық құжат сақтаулы.

Мәдени іс-шараны Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архиві Almaty Museum of Arts музейімен және ЮНЕСКО аясындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Бүгін ақын, жазушы, әдебиеттанушы, көрнекті түркітанушы әрі дипломат Олжас Сүлейменов 90 жасқа толғанын жазған едік.