Алматыда өрт кезінде 5 адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM — Сағат 03:44-те 112 пультіне Алматы қаласы Бостандық ауданында жеке тұрғын үйдің өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті.
ТЖД алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі шақырту түскеннен кейін 4 минуттан соң оқиға орнына жетті. Өрт сөндірушілер келген кезде тұрғын үй толығымен отқа оранып, жалынның ашық әрі қарқынды жануы байқалған.
Өрт сағат 04:42-де толық сөндірілді. Өртті сөндіруге ТЖД жеке құрамынан шамамен 35 адам және 9 техника жұмылдырылды.
Оқиға орнынан бес адамның, оның ішінде бір кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды. Оқиғаның мән-жайы мен өрттің шығу себептері анықталып жатыр.