Алматыда өрт сөндіруші Арслан Құрманбековке ескерткіш тақта орнатылды
Алматы қаласындағы № 7 өрт сөндіру бөлімінің аумағында қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан аға өрт сөндіруші Арслан Құрманбековке арналған мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды Kazinform.
Мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына Арслан қызмет еткен гарнизонның басшылығы, жеке құрамы және туған-туыстары қатысты.

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев азаматтық қорғау аға сержанты Арслан жауапты қызметкер, кәсіби жауынгер және сауатты маман болғанын атап өтті.
«Өрт сөндіруші мамандығы, әрине, қаупі жоғары мамандық. Сол қайғылы күні ол өз ісіне адал болып, батылдық пен кәсібилік танытты. Бүгін біз өз міндетін ерлікпен атқарған жауынгерімізді еске алып, құрмет көрсету үшін жиналдық. Елінің батырын тәрбиелеген Арсланның анасына үлкен алғысымды білдіргім келеді. Біздің міндетіміз — әріптесімізді жадымызда сақтау және өскелең ұрпақты осындай батылдық үлгімен тәрбиелеу», - деді ол.

Мемориалдық тақтаны ашу рәсімі Арсланның анасы - Бақытгүл Жолдасбекқызына және ТЖД бастығына берілді.


Жиналғандар мемориалға гүл шоқтарын қойып, марқұмды бір минут үнсіздікпен еске алды.

Еске салайық, 8 мамыр күні Медеуде тұтанған отпен күрес кезінде өрт сөндіруші Арслан Құрманбеков көз жұмған еді.
Кейін Президент Жарлығымен қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен жанқиярлық ерлігі үшін ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің №7 ӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Арслан Құрманбеков ІІІ дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.