Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ орталығы ашыла ма
АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілісте Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы Алматы қаласында Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталықты құру туралы келісімді ратификациялау мәселесі қаралды. Жоба өңірлік хабты дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Мәжілісте Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталықты құру туралы келісімді және оған қатысты өзара түсіністік туралы меморандумды ратификациялау жөніндегі заң жобаларын Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев таныстырды. Баяндамашының айтуынша, аталған құжаттар өңірлік орталықтың толыққанды жұмыс істеуіне институционалдық негіз қалыптастыруға бағытталған.
Жобаға сәйкес, Алматыдағы орталық БҰҰ-ның өңірдегі институттары үшін негізгі тартылыс нүктесіне айналып, орнықты даму саласындағы халықаралық жобалар мен донорлық бағдарламалардың көбеюіне ықпал етеді. Сонымен қатар бұл Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейдегі келіссөздердегі ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді.
Орталықтың Қазақстан аумағында орналасуы Алматы қаласының іскерлік және дипломатиялық инфрақұрылымын дамытуға серпін бермек. Сондай-ақ ұлттық мүдделерді халықаралық алаңдарда ілгерілетуге ықпал етеді.
Бұдан бөлек, орталық қызметі отандық мамандардың біліктілігін арттырып, олардың БҰҰ жүйесіне кеңінен тартылуына жол ашады. Халықаралық қызметкерлердің ротациясы да қызмет көрсету нарығының дамуына оң әсер етеді деп күтіледі.
— Заң жобалары сонымен қатар ҚР Үкіметінің Орталықтың қызметін қолдау үшін беретін қаражатын пайдалану шарттарын айқындауға бағытталғанын атап өткен жөн. ҚР Үкіметі тарапынан жоспарланып отырған 3 млн АҚШ доллары көлеміндегі жарна персоналды қамтамасыз ету шығындарын, сондай-ақ Орталықтың жұмыс істеуіне қажетті үй-жайларды, конференц-залдарды, оқу аудиторияларын, ІТ-жабдықтарды, байланыс және интернет қызметтерін жабдықтауға жұмсалатын шығындарды жабатын болады. Жарнаны басқару персоналды тарту және басқару, материалдарды, жабдықтар мен қызметтерді сатып алу, келісімшарттар жасасу, әкімшілендіру және Орталық қызметін қолдауды қамтиды, — деді спикер.
Осылайша, келісім өңірлік орталықтың құқықтық негізін қалыптастырса, меморандум оның қызметін қамтамасыз ету шарттарын айқындайды.
Жалпы, Алматыдағы өңірлік орталық БҰҰ-ның маңызды хабтарының біріне айналып, Орталық Азия өңірінің орнықты дамуына үлес қосады деп күтіледі.
Бұған дейін мәжілісте халықаралық конвенцияға өзгеріс енгізу туралы заң жобасы қаралған еді.