Алматыда осы жылы жол инфрақұрылымына байланысты қандай жобалар басталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Биыл Алматыда қаланың 2030 жылға дейінгі көлік қаңқасының мастер-жоспарына сәйкес бірқатар жобалар орындалады.

Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше, биыл бірнеше ірі көшелерді ұзарту жұмыстары жалғасады. Атап айтқанда:
- Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін;
- Рысқұлов көшесін Ф.Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін;
- Абай көшесін «Қалқаман» шағын ауданындағы Әуезов көшесінен қала шекарасына дейін;
- Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі.
Ал Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзартуды 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары жүріп жатқан Алматы метросының Қалқаман бекеті 2026 жылы ашылуы тиіс. Бүгінгі күні құрылыс процесіне 177 жұмысшы мен 54 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Қандай жобалар биыл басталады
Осы жылдың ішінде жобалау жұмыстары аяқталған Райымбек, Мұқанов, Тілендиев көшелерін ұзарту жұмыстары басталады.
- Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы Райымбек даңғылын Жетісу көшесінен Шығыс автомобиль айналма жолына дейін, Мұқанов көшесін Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейін және Тілендиев көшесін Рысқұлов даңғылынан Сабатаев көшесіне дейін ұзартуға жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бюджет қаражаты бөлінген жағдайда 2025 жылы бастау жоспарланған, - деп хабарлады басқармадан.
Қандай жаңа жобалар әзірленіп жатыр
Қалалық мобильділік басқарма 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында тағы үш көшені ұзарту және BRT желісін салу бойынша жобалар дайын болатынын хабарлады.
- Солтүстік айналма көшесін қала шекарасына дейін, Хмельницкий көшесін «Қайрат» шағын ауданнан Талғар күре жолына дейін, Тілендиев көшесін Сабатаев көшесінен қала шекарасына дейін ұзартуға және Райымбек даңғылында BRT желісінің құрылысына жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Аталған жобалардың әзірлеу жұмыстары осы жылдың бірінші жартыжылдығына аяқталады, - делінген басқарма жауабында.
Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы Алматыда 300 шақырым жол жөнделетінін жазғанбыз.