Алматыда отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс саны 95%-ға азайған
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингіде Алматы қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов мегаполисте отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар саны азайғанын айтты.

«Осы жылдың алғашқы бес айында Алматыда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 23 қылмыс тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 95%-ға төмен және қабылданған шаралардың оң нәтижесін көрсетіп отыр», - деді Айтан Елеусізов.
Сондай-ақ полиция өкілі отбасы ұйытқысын бұзған азаматтарға профилактикалық есепке қою, жеке-профилактикалық жұмыс жүргізу, алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге жіберу сынды профилактикалық шаралар жүргізілетінін атап өтті. Барлығы жыл басынан бері профилактикалық есепке 3717 адам қойылған, оның ішінде 3279-ына қорғау ұйғарымы шығарылған және 438 адамның құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленген. Мамандандырылған емдеу-алдын алу мекемесіне 90 адам мәжбүрлеп емдеуге жіберілген.
Сондай-ақ сенім телефоны бойынша 321 әйелге консультациялық көмек көрсетілсе, МТЖК инспекторлары консультативтік-құқықтық көмекке жүгінген 391 әйелді қабылдаған.