Алматыда өткен жылы отандық және шетелдік әншілердің қатысуымен 334 ауқымды концерт өтті

Алматыда өткен жылы қала алаңдары мен стадиондарда, ареналарда еліміздің белгілі әртістері ғана емес, сонымен бірге әлемдік деңгейдегі жұлдыздар өнер көрсетті. Олардың арасында 50 Cent, Akon, Lara Fabian, Ne-Yo, Tarkan, Outlandish, Arash және басқа да көптеген әншілер бар. Бұл іс-шаралардың 86%-ын коммерциялық және жеке компаниялар ұйымдастырды. Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

Алматыда өткен жылы отандық және шетелдік әншілердің қатысуымен 334 ауқымды концерт өтті
Фото: gov.kz

«2023 жыл мәдени іс-шараларға толы болды, қаламызда көптеген танымал әртістер келді. Жылды қорытындыласақ, Алматыда шетелдік әншілердің 47, отандық әртістердің 287 концерті өтті. Одан бөлек, ауқымды іс-шаралар, оның ішінде халықаралық фестивальдар өтті. Тұжырымдамалық тұрғыдан қарастырсақ, онда біздің әрбір іс-шарамыз жеке брендке айналып, өз көрермендерін тартты. Қала әкімі мәдени астанамыз тұрғындар мен қонақтарды қызықты жобалармен қуантып, оқиғалы туризмді дамытуға жағдай жасау міндетін қойып отыр», - деді Ғани Майлыбаев.

Еске салсақ, өткен жылы 19 жылдық үзілістен соң «Азия Дауысы» халықаралық музыкалық фестивалі өткен еді. Іс-шара аясында отандық орындаушылар да, әлемдік деңгейдегі шетелдік әртістер де үш күн бойы өнер көрсетті. Фестивальдің хедлайнері әйгілі америкалық The Black Eyed Peas тобы болды. Сонымен қатар былтыр The Spirit of Tengri заманауи этникалық музыка фестивалі, сонымен бірге «Наурыз фест», «Алматы, люблю тебя», «Туған күніңмен, Алматы», «Сағындым Алматымды» және «Зимний Новогодний фестиваль» өтті.

«Мегаполисте ауқымды іс-шараларды өткізу экономикалық оң әсер етеді. Бұл – жаңа уақытша жұмыс орындарын құру, көптеген турист тарту, оқиғалы туризмді, қонақ үй бизнесін, мейрамханалар мен жергілікті бизнесті дамыту деген сөз. Ең бастысы, жас әртістер мен танымал жұлдыздарды бір сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік беру, олардың аудиториясын кеңейтуге, өнерін ұштауға септігін тигізеді. Біз әртістер мен іс-шараларды ұйымдастырушыларға 2023 жылы бірлесіп жұмыс істегендері үшін алғыс айтамыз және көрермендер үшін 2024 жылға арналған мәдени мазмұнды бағдарлама дайындап жатырмыз», - деді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.

Айта кетейік, өткен жылы сондай-ақ қалалық Мәдениет басқармасы Open air форматында іс-шаралар – фестивальдар, көрмелер мен концерттер ұйымдастырды. Олар қаланың әр ауданында өтті. Осылайша қала тұрғындарына тегін концерт көруге мүмкіндік жасалды.

Соңғы жаңалықтар