Алматыда өзен жағалауындағы жаяу жүргіншілер жолы опырылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жауын-шашын салдарынан жаяу жүргіншілер жолы зақымданды.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбадан өзен жағалауының опырылып, жолға салынған плиталардың бір бөлігі сумен ағып кеткенін көруге болады.
Аталған жағдайға байланысты Алматы әкімдігі түсініктеме берді. Жергілік атқарушы органның жауабына сәйкес, биыл 10 мамырда Kokjiek Garden саябағының аумағында су деңгейі көтеріліп, Есентай өзені арнасынан шыққан. Соның салдарынан жаяу жүргіншілер инфрақұрылымына ішінара зақым келген.
- Су басу салдарын жедел жою мақсатында Sunshine мердігер ұйымы өзен арнасын су ағысына кедергі келтірген қоқыс пен шөгінділерден тазартты. Қабылданған шаралар жағдайды тұрақтандыруға және судың кедергісіз ағуына мүмкіндік берді, - деп хабарлады әкімдіктен.
Қазіргі уақытта 2024 жылы Kokjiek Garden саябақ аймағын күрделі жөндеу жүргізген «Еңбек» ЖШС мердігер ұйымына кепілдік міндеттемелерге сәйкес қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы талап-хат дайындалды. Соның негізінде саябақ аумағындағы жаяу жүргіншілер жолын жөндеу және қалыпқа келтіру көзделіп отыр.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда бір тәулікте айлық жауын-шашынның жартысы жауды.