Алматыда пластикалық терезе жасайтын цех өртенді
Алматыда бүгін түнде пластикалық терезе жасайтын цех отқа оранды, деп хабарлайды Kazinform.
Алматыда отқа оранған цехтың видеосы әлеуметтік желіде тарады.
Видеодағы жазбада өрт "Шапағат" шағын ауданында түнгі 3.00-4.00 арасында болғаны жазылған.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ТЖД күштері мен құралдары 12 қазан түнгі сағат 04:28-де шақырудың жоғары дәрежесі бойынша Алатау ауданы, "Шапағат" шағын ауданы, Ұйғыр көшесі, 57-үйге жіберілді.
"Өрт орнына жеткен сәтте пластикалық терезелерді жасайтын цехтың ашық жалынмен өртеніп жатқаны анықталды. Өрт көрші столярлық цехке ауыса бастады. Өрттің аумағы S=500 м2 құрады. Өртті сөндіру жоғары жанғыш жүктемемен (ағаш) және су көздерінің қашықтығымен қиындады", - деп хабарлады қалалық ТЖД-да.
Өрт таңғы сағат 06.18-де оқшауланып, сағат 07.07-де жойылды. Қабылданған шаралармен үш тұрғын үйді (батыста, оңтүстік пен солтүстікте) және уақытша үй өрттен аман қалды. Сондай-ақ өрттен қаза тапқандар болған жоқ.
Өртті сөндіруге ТЖД-дан 73 өрт сөндіруші, 22 техника, "Алматы Су" мекемесінен 2 суару жуғыш көліктері жұмылдырылды. Өрттің себебі анықталуда.