Алматыда ірі көлемде контрафактілік ауа баптағыштар тәркіленді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы қаласы Әділет департаменті контрафактілік өніммен күрес бөлімінің мамандары жалған тауар белгісімен заңсыз сатылымға шығарылмақ болған Almacom ауа баптағыштың ірі көлемін тәркіледі.

кондер
Фото: Әділет департаменті

Департамент мәліметінше,заңсыз сауданың жолын кесу операциясы 15 сағатқа созылды. Тексеріске тауар белгісі иесінің шағымы негіз болған.

Осылайша, Әділет департаменті қызметкерлерінің жедел әрекеті нәтижесінде 5 253 000 теңгенінің контрафактілік өнімі тәркіленді.

«Осы факт бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы бойынша хаттама толтырылды. Бұдан бөлек, арнайы операция барысында департамент қызметкерлеріне қарсылық көрсеткен үш адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабы бойынша хаттама толтырылды», - деп атап өтті ведомстводан.

Қазіргі уақытта мәселенің мән-жайы тексекріліп, кінәлілерді анықтау үшін іс материалдары сотқа жолданды.