Алматыда І Республикалық жастар театрлары фестивалі басталды
Алматыда 1-6 қараша күндері І Республикалық жастар театрлары фестивалі өтеді, деп хабарлайды Kazinform.
Фестивальдің салтанатты ашылуы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында өтті. Шара барысында елімізде үздік деп танылған қойылым режиссерлері марапатталды.

Атап айтқанда, Гүлназ Балпейісова, Мейрам Хабибуллин, Антон Зайцев, Әлібек Өмірбекұлы, Шағуан Үмбетқалиев, Анна Цой, Әридаш Оспанбаева және Шыңғыс Жақыпбай сынды 35 жасқа дейінгі жас режиссерлер арнайы диплом және 1 млн теңге көлеміндегі сертификаттармен марапатталды.

Айту керек, үздіктер қатарынан табылған отандық жас режиссерлердің қойылымдары 2-6 қараша аралығында мегаполистің театрларында сахналанатын болады. Бұл ретте Астана қаласы әкімдігінің Жастар театры, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театры және тағы басқа өнер ұжымдары үздік қойылымдарын ұсынбақшы.

Фестивальді ұйымдастырушылардың сөзінше, фестиваль театр әлеміндегі жас режиссерлердің жетістіктерін насихаттап, олардың кәсіби әлеуетін арттыру мақсатында өтеді.