Алматыда Саин көшесіне қатысты ілкі жоба аяқталды: шешім қандай

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Саин көшесінде қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақты ұйымдастыру бойынша пилоттық жоба аяқталды.

Осень в Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының мәліметінше, жоба қорытындысы қоғамдық көлікке басымдық берудің тиімді екенін көрсетті. Сондай-ақ арнайы жолақтарды алдағы уақытта бірыңғай кешенді схема аясында дамыту форматы айқындалды.

- Мониторинг нәтижесі арнайы жолақ енгізілгеннен кейін қоғамдық көлік жұмысының негізгі көрсеткіштерінде оң өзгеріс болғанын көрсетті. Әсіресе, қарбалас уақытта айқын нәтиже байқалды. Таңғы қарбалас уақытта қоғамдық көліктің қозғалыс жылдамдығы 26,2 км/сағаттан 31,8 км/сағатқа дейін артты. Кешкі қарбалас уақытта орташа жылдамдық 25 км/сағаттан 30,4 км/сағатқа дейін өсті, - деп хабарлады ведомстводан.

Сонымен қатар басқарма тарапынан қоғамдық көлік қозғалысының тұрақтылығы жақсарғаны атап өтілді. Мәселен, бір күн ішіндегі орташа қозғалыс аралығы 13,6 минуттан 12 минутқа дейін, яғни шамамен 12%-ға қысқарған. Ал таңғы қарбалас уақытта автобустар арасындағы аралық 13,6 минуттан 11,6 минутқа дейін немесе 14,7%-ға азайыпты.

Одан бөлек жолаушылар санында да оң динамика байқалған. Бір тәуліктегі жолаушылар саны 42 396-дан 44 515,8-ге дейін, яғни 5%-ға артқан.

- Осылайша, пилоттық жобаның нәтижесі арнайы жолақтардың қоғамдық көліктің қозғалыс жылдамдығы мен тұрақтылығын, әсіресе қарбалас уақытта арттырудың тиімді құралы екенін растады. Сонымен бірге пилоттық жоба арнайы жолақтарды жеке-жеке учаске ретінде емес, қаланың негізгі магистральдарында қоғамдық көлікке басымдық беретін өзара байланысты біртұтас жүйе ретінде дамыту қажеттігін көрсетті, - дейді басқарма өкілдері.

Пилоттық жоба нәтижесі бойынша қала әкімдігі әл-Фараби даңғылы – Саин көшесі – Рысқұлов даңғылы – Шығыс айналма жолы бағыттарын қамтитын айналма маршруттың кешенді схемасын әзірлемек. Демек, аталған көшелердің барлығында қоғамдық көлікке арналған жолақ болады. Бірақ оған дейін, 2026 жылдың 31 тамызынан бастап Саин көшесіндегі арнайы жолақ алынып тасталады.

- Бұл пилоттық форматтан келесі кезеңге, яғни жол желісінің басқа учаскелерін және кешенді схеманы іске асыруға қажетті нормативтік талаптарды дайындау үшін қажет. Қажетті нормативтік шешімдер қабылданып, тиісті инфрақұрылым дайындалғаннан кейін Саин көшесіндегі арнайы жолақ қаланың негізгі магистральдарында енгізіледі, - деп түсіндірді ведомстводан.

Еске салайық, биыл 20 маусымнан бастап Саин көшесінің Рысқұлов даңғылынан Мұстафин көшесіне дейінгі бөлігінде пилоттық режимде қоғамдық көліктің арнайы жолағы жұмыс іске қосылды. Қоғамдық көлік жолы көшеде сары түспен бөлінді.

Кейін тұрғындар шағымынан кейін Саин көшесінің автобус жолағына өзгеріс енгізілді.

Ал тамыз айында Саин көшесінің бөлігіндегі жылдамдық режимі өзгерді.