Алматыда сайлау заңнамасын бұзған 13 факт анықталды
АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматыда сайлау заңнамасын бұзғандар жауапқа тартылып жатыр.
Алматы прокуратурасының мәліметінше, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында заңның сақталуын қадағалау үшін барлық шара істеліп жатыр.
Бүгінгі таңда сайлау заңнамасын бұзудың 13 фактісі анықталған. Соның ішінде 7 факт үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде оны жүргізуге байланысты екен.
Барлық кінәлі тұлғалар әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
— «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабы 2-тармағына сәйкес, сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған кезден басталып, сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталатынына назар аударамыз, — деп ескертті прокуратура.
Сайлау алдындағы үгіт жүргізу 2026 жылғы 28 қараша сағат 00:00–де аяқталады.
Конституциялық заңның 32-бабына сәйкес дауыс беру күні және оның алдындағы күні, яғни 28 және 29 қарашада кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады.
Бұл ретте сайлау комиссияларының үй-жайларынан және дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс бұрын ілінген баспа үгіт материалдарын бұрынғы орындарында сақтауға болады.
Еске салайық, Алматыда 29 қарашада 670 сайлау учаскесі жұмыс істейтінін жаздық.