Алматыда шатырдан құлаған мұздан 4 адам жарақат алған - кім жауапты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қыс кезінде шатырды мұздан тазарту кімнің міндеті? Бұл сұрақты Kazinform тілшісі қарастырып көрді.

сосульки, мұз
Фото: Александр Павский / Kazinform

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, мегаполисте 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін ғимарат шатырынан түскен мұздан 4 адам зардап шеккен. Ал тайғанап құлап, зардап шеккен тұрғындар саны – 4034. Олар 18-ден 85-ке дейінгі жас аралығындағы азаматтар.

Алматы әкімдігінің жауабына сәйкес, бұл сұрақ «Алматы қаласының аумағын абаттандыру қағидаларын бекіту туралы» ереженің 156, 157 тармағымен реттеледі. Ол бойынша көппәтерлі тұрғын үйлердің шатырларын қардан және мұздан тазарту МИБ (мүлік иелері бірлестігі) төрағасы не ғимараттардың, құрылыстардың меншік иелері өз қаражаты есебінен мамандандырылған ұйымдарды жалдау арқылы тазартуы қажет.

- Көрсетілген ережелерді бұзған жағдайда ҚР ӘҚБтК № 505 бабы бойынша әкімшілік жаза қарастырылған, - делінген әкімдік жауабында.

Айта кетейік, егер МИБ басшылығы не ғимарат иелері шатырды мұздан тазарту міндеттерін уақтылы атқармайтын болса, тұрғындар қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасына шағымдана алады.

Ал Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Алма Мусинаның айтуынша, үстіне мұз құлап зардап шеккен адамдар оны тазалауға міндетті тұлғалардан өтемақы өндіріп ала алады.

- Заң бойынша денсаулыққа келтірілген зиян соған кінәлі адамнан өндіріледі. Демек, бұл жерде мұзды тазалауға міндетті тұлға кім екенін анықтап алу қажет. Мысалы, көп қабатты тұрғын үй болса, онда мүлік иелері бірлестігі. Егер мүлік иелері бірлестігі төбедегі қар-мұзды тазалау туралы басқа бір компаниямен келісімде болса, онда сол компания да жауапты болады, - деді ол.

Заңгер сөзінше, залалды өндіру үшін ең алдымен дәлел жинақтау қажет. Камера бейнежазбасы, фотосуреттер, куәлер, жарақат туралы медициналық қорытынды - мұндай жағдайда дәлел бола алады.

- Мұз құлап жарақат алып жатсаңыз, жедел жәрдем мен полиция шақырғаныңыз жөн, оларда болған оқиғаны тіркейді. Дәлелдерді жинап жауапты тұлға не мекемені сотқа беріп, емделуге кеткен шығын және басқа да материалдық шығындарды, моральдық залалды өндіре аласыз, - деді Алма Мусина.

Сонымен қатар заңгер құлаған мұздан адам ауыр жарақат алса не мерт болса, онда қылмыстық іс қозғалатынын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Биыл Алматыда 30 сейсмикалық станция орнатылатынын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар