Алматыда шет аудандарды жалғайтын тағы 3 жаңа бағыт ашылды

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда бүгін қала маңынан жаңа 3 бағыт бойынша қоғамдық көлік жүре бастады. Алдағы уақытта тағы бір бағыттың іске қосылуы жоспарланып отыр.

Алматы автобус
Фото: Алматы әкімдігі

Атап айтқанда, 28 қазаннан бастап №237, №257 және №258 маршруты іске қосылды. Ал 1 қарашадан бастап №239 маршрут жүреді деп жоспарланып отыр.

№237 «Барлық базары – Қаратөбе ауылы» бағытындағы маршрутта үлкен сыйымдылықтағы 5 автобус қызмет көрсетеді. Маршруттың жұмыс басталу уақыты – 5:30, аяқталу уақыты – 23:05. Тасымалдаушы – «Қаскелең автобус паркі» ЖШС.

№257 «№7 қалалық аурухана – Еңбекші ауылы» бағытындағы маршрутта да үлкен сыйымдылықтағы 5 автобус қызмет көрсетеді. Маршруттың жұмыс басталу уақыты – 5:30, аяқталу уақыты – 23:01. Тасымалдаушы – «Қаскелең автобус паркі» ЖШС.

№258 «Жетісу базары – Өстемір ауылы» бағытындағы маршрутта 2 автобус қызмет көрсетеді. Маршруттың жұмыс басталу уақыты – 5:40, аяқталу уақыты – 22:01. Тасымалдаушы – «Самат-Транс» ЖШС.

№239 «Б. Момышұлы метро бекеті – Долан ауылы» бағытындағы маршрутта 18 автобус қызмет көрсетеді. Маршруттың жұмыс басталу уақыты – 5:30, аяқталу уақыты – 23:01. Тасымалдаушы – «Neo City Trans» ЖШС.

- Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережесіне сәйкес, бұл маршруттар конкурстар өткізілгенге дейін тасымалдаушыларға берілді және тестілік режимде жұмыс істейтін болады. Соның нәтижесінде жолаушылар легі мен халықтың қажеттілігі ескеріліп, қозғалыс схемаларына өзгерістер енгізіледі, - деп хабарлады әкімдіктен.

Айта кеткен жөн, былтыр Алматыда 22 жаңа маршрут, оның ішінде 10 қала маңындағы бағыт ұйымдастырылды және 50-ге жуық елді мекенді қамтылды.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда қала маңына қатынайтын тағы бір жаңа автобус бағыты ашылғанын жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар