Алматыда шетелдік туристер орта есеппен 5 күн болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Almaty Tourism Bureau мегаполиске келетін туристер жайлы зерттеу нәтижесімен бөлісті. Бюро 1200 шетелдік туристен сауалнама жүргізген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, осы жылдың 6 айында Алматыға 1 070 358 турист келген. Оның ішінде ішкі туристердің үлесі - 768 мың, ал шетелдік қонақтар - 302 мың.
Алматы туризм бюросы Маркетинг және сараптама бөлімінің жетекшісі Руслан Жанабаев ішкі және шетелдік туристердің айырмашылықтарын атай отырып, бюро жүргізген зерттеу нәтижесімен бөлісті.
- Алматыға келетін шетелдік қонақтар негізінен 26-35 жас аралығындағы ер адамдар. Олардың 40%-ы жалғыз, 30%-ы достарымен және 30%-ы отбасымен келеді. Алматыда орта есеппен 5 күн болады және әр күн сайын орта есеппен 334 АҚШ долларын жұмсайды. Туристердің 68%-ы демалуға, 32%-ы іскерлік мақсатта келеді. Жұмсалған қаражаттың 50%-ы жатын орынға кетеді, - деді ол.
Сондай-ақ, Руслан Жанабаев еліміздің мәдени астанасына қыдырып келетін ішкі туристерге де тоқталды. Оның айтуынша, қазақстандықтар шетелдік қонақтарға қарағанда 8,7 есе аз ақша жұмсайды.
- Алматыға келетін ішкі туристердің орта жасы 18-25 жас аралығында. Олардың 68%-ы туысқандарының үйінде тоқтайды. Орта есеппен қалада 2 күн болады және орта есеппен 38 доллар жұмсайды. Яғни, шетелдік туристерге қарағанда 8,7 есе аз қаражат кетеді. Осы себепті біз қазір ішкі туристерге қарағанда шетелдік қонақтарды шақыруға тырысамыз. Жай ғана шетелдік емес, жоспарлы түрде келетін қалталы туристерді шақыру бойынша жұмыстар жүргіземіз, - деді бюро өкілі.
Еске салайық, бұған дейін Алматыға келген шетелдік туристер қайтадан туристік жарна төлеуі мүмкін екенін жазғанбыз.