Алматыда сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасы аясында қандай бұзушылықтар анықталды

Антикор
Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов мегаполисте сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын жүзеге асыру барысын айтты.

Спикердің сөзінше, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін картада құрылыс және тұрғын үй, экология, жер, кәсіпкерлік, экономика және қаржы, фискалдық, әлеуметтік, инфрақұрылым және жолдар, сейсмикалық қауіпсіздік, жылу электр станциялары, проблемалық құрылыс объектілері сияқты 11 негізгі сала анықталды.

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру барысында осы жылдың 1 тоқсанында сейсмологиялық қауіпсіздік саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг, сондай-ақ денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстары жүргізілді», — деді Арман Рахимов.

Кәсіпкерлік саласы мемлекеттік органның ерекше бақылауында тұр. «Бизнеске жол» жобасы аясында жыл басынан бері 4 кәсіпкердің түйткілді мәселесі шешімін тапқан. Осылайша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ЖШС өкілдері медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша өткізілген тендердің қорытындысына байланысты шағыммен хабарласты. Мемлекеттік органның араласуынан соң жіберілген бұзушылықтар үшін ұйымдастырушының лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапқа тартылып, шарт бұзылып, лоттар жаңа тендер өткізу жолымен қайта жарияланды.

«Тағы бір жағдайда салық органы тарапынан кәсіпкердің құқығын бұзу фактілері жойылды. Мемлекеттік кірістер департаменті жеке кәсіпкерге салық берешегін өтеу туралы себепсіз хабарлама берді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкердің белсенді кәсіпкерлік қызметінің тоқтауына әкелген шығыс операцияларын тоқтату туралы хаттама шығарған. Осы факті бойынша тиісті шараларды қолдану нәтижесінде жеке кәсіпкердің барлық банктік шоттары бұғаттан шығарылып, негізсіз есептелген салық берешегі есептен шығарылды», — деді спикер.

Сонымен қатар, проблемалық құрылыс объектілері саласында бүгінде қалада тапсыру мерзімі бұзылған және ұрлаудың ықтимал қаупі бар 5 әлеуметтік, спорттық және коммуналдық нысанның құрылысы қадағалануда. Өткен жылдың қазан айынан бастап бұл ұзақ мерзімді құрылыс нысандары басқарма бақылауына алынды.

Фискалдық салада Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасының екі лауазымды тұлғасы әшкереленіп, олар ҚР ӘҚБтК-нің 677-бабы бойынша (заңсыз материалдық сыйақы алу) әкімшілік жауапқа тартылып, 3 млн теңге айыппұл салынды.

Экономика және қаржы саласында «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталының мониторингі тұрақты негізде жүзеге асырылады. Мониторинг нәтижелері бойынша І-ші тоқсанда 470 млн теңгеден астам бюджет қаражатын ұтымсыз пайдаланудың жолы кесілді.

«Қазіргі уақытта агенттік „Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы“ ШЖҚ РМК қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуде. Оның барысында бағаны мемлекеттік реттеу, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тіркеу мәселелері, олардың сапасына, тиімділігіне және қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды сараптау және т. б. сараптамалар жүргізіледі», — деді Аоман Рахимов.

Сондай-ақ ол бүкіл республика бойынша әлеуметтік қамсыздандыру саласында кешенді талдау жүргізіліп жатқанын атап өтті. Талдау барысында бюджетті жоспарлау, жеке көмекшілер қызметін қаржыландыру, атаулы әлеуметтік көмекті төлеу, кәсіптік оқытуға ақшаны жұмсау, кәсіпкерлікті дамытуға гранттарды бөлу, сондай-ақ еңбекақы қорын игеру мәселелері қарастырылады.

Соңғы жаңалықтар