Алматыда сотқа түсетін азаматтық істердің саны екі есе өскен

Динара Куйкабаева
Фото: Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Динара Куйкабаева Медеу аудандық сотының 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмысын қорытындылады.

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Динара Куйкабаева келісімшарт бойынша берешекті өндіріп алу мәселесіне байланысты ең көп шағым түсетінін айтты. Оның айтуынша, Медеу аудандық соты азаматтық істерді қарауға маманданған.

«2024 жылдың 1 тоқсанында сотқа 9 545 азаматтық іс келіп түсті, ал өткен жылы осы кезеңде 7 480 іс болды, яғни олардың саны 2 мыңға өсті. Талаптардың басым көпшілігі - шарттық құқықтық қатынастардан туындайтын даулар. Бұл шарттарды бұзу, оларды жарамсыз деп тану, шарттар бойынша, оның ішінде банктер мен коллекторлық ұйымдардың талап-арыздары бойынша берешекті өндіріп алу туралы мәселелер», - деді судья.

Сондай-ақ Динара Куйкабаева дауларды сотқа дейінгі шешу әдістерінің бірі медиация екенін атап өтті. Бұл әдістің мәні - екі тарап үшін де өзара тиімді шарттарда істің нәтижесіне мүдделі емес тәуелсіз медиаторлардың дауларды шешуі. Өткен жылы Медеу аудандық сотында татуластыру рәсімдері арқылы 4 382 іс аяқталған.

«Бұл көрсеткіш соттың татуласу көрсеткіштері 6 еседен астам өскенін көрсетеді. Оның артында татуластырушы судьялардың орасан зор еңбегі тұр», - деді Динара Куйкабаева.

Биыл жыл басынан бері медиация тәртібімен дауды реттеу туралы 117 бітімгершілік келісім және 1202 келісім бекітілді. Яғни, татуласу жолымен өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам іс аяқталды.

Соңғы жаңалықтар