Алматыда сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған қаржыны жымқырғандар сотталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Медеу аудандық №2 соты аса ірі мөлшерде ақша жымқырған үш азаматқа үкім шығарды, деп хабарлайды аудандық соттың баспасөз қызметі.
Сот мәліметіне сәйкес, айыпталушылар қалалық мекемелердің бірінде экономика және қаржы, есеп бөлімдерінде басшылық қызметтерде болған. Олар 2019-2022 жылдар аралығында олимпиада резервін қолдауға бағытталған және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған бюджет қаражатын жымқырған.
Қылмыстық схема бойынша мекемеде тіркелмеген адамдарға жалақы төленген. Жалған есептелген қаражат сотталушылардык банк карталарына аударылған. Сонымен қатар қызметкерлер жалақыны жоғарылатып алған. Заңсыз әрекеттер нәтижесінде келтірілген шығын 150 миллион теңгеге жеткен.
Сот процесі кезінде барлық сотталушылар өз кінәсін мойындамай, аталған операциялар өздерінің қызметтік міндеттері аясында жүргізілгенін айтты. Алайда айыптау тарапы дәлел ретінде сотталушылардың заңсыз әрекеттерін растайтын бухгалтерлік жазбаларды, төлем құжаттарын және банк көшірмелерін ұсынды.
- Іс-әрекеттердің қасақана жасалғанын, алдын ала сөз байласуын және жиналған дәлелдерді ескере отырып, сот сотталушыларды кінәлі деп танып. Г.-ға 7 жылға, Д.-ға – 6 жылға, А.-ға – 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, мүлкілері тәркіленді, - деп хабарлады қалалық соттан.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Сурдлимпиада жүлдегерлері сотқа шағым түсіргенін жазғанбыз.