Алматыда су қауіпсіздігі ережелерін бұзған 23 адамға жарты миллион айыппұл салынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – 2024 жылғы шомылу маусымы басталғалы еліміздің су айдындарында 100-ден астам адам суға батты, оның 35-і бала. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, капитан Есбол Сұлтанов мәлімдеді.

Алматы қаласы ӨКҚ
Фото: Алматы қаласы ӨКҚ

«2024 жылғы шомылу маусымы кезеңінде Алматы қаласының су айдындарында төтенше жағдайлар тіркелген жоқ. Алматыда және тау бөктеріндегі аудандарда барлығы 44 су айдыны (тоғандар, көлдер, өзендер) бар. Су айдындарының қауіпті учаскелерінде 83 «шомылуға тыйым салынады» деген белгі және 7 ақпараттық стенд орнатылды», – деді Есбол Сұлтанов.

Сондай-ақ ол 2024 жылғы шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында департамент мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп қандай жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.

«680-ден астам бірлескен рейд жүргізілді, оның шеңберінде су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша жалпы сомасы 595 мың теңгеге 23 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 364-бап бойынша жалпы су пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 6 адамға ескерту берілді, 440-бап бойынша алкогольдік ішімдіктерді ішкені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы бойынша 6 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сомасы 110 760 теңге», - деді ол.

Еске салайық, Алматы тауларында сел қаупінің «қызғылт сары» деңгейі жарияланды. 

Соңғы жаңалықтар