Алматыда тағы да нөсер жаңбыр жауады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қазгидрометтің болжамына сәйкес, Алматыда 16 мамыр кешке нөсер жаңбыр жауады деп күтілуде.
Алматы әкімдігінен атап өткендей, жауын-шашын кезінде су басудың алдын алу үшін мотопомпалармен және шанц құралдарымен жабдықталған 52 жедел мобильді бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылады.
2 300 қап құм дайындалды. Қажет болған жағдайда жұмысшылар мен арнайы техниканың саны ұлғаяды. Аудандық әкімдіктерде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік қойылады.
Коммуналдық қызметтердің күшімен арық желілерін, арық өткелдерін және қоқыстар жиналған жерлерді тазарту жұмыстары жүргізілді. 15 мамырдағы жағдай бойынша шамамен 865 тонна қоқыс, лай сыртқа шығарылды. Барлық арық желісі тазартылды.
«Су басып қалуды болдырмау үшін қала тұрғындарынан арықтарға, нөсер ағындары мен каналдарға қоқыс тастамауды сұраймыз. Тәртіп бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады», - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда тау бөктерінде заңсыз салынған нысан сот шешімімен бұзылғанын хабарлаған едік.